Жаңалықтар
Мектеп қабырғасындағы онкүндік
«Қызыққа толы бұл әлем» өзін-өзі тану пәні апталығында мектебімізде 1-11 сыныптардың барлығын қамтыған іс-шаралар өтті. Оның алғашқысы жас буынның бойында салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулықтарын нығайту мақсатында «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз!» акциясы негізінде өткен «Көңілді шаналар сырғанайды» жарысы. Жарысқа 3 «А», «Ә», «Б», «В» сыныптарының оқушылары қатысып, спорттық сайыстар бойынша оқушылар мектеп алаңында шанамен сырғанаудан жарысты. Жарыстың қорытындысы бойынша I орынды - 3 «Ә», II орынды 3 «А», III орынды 3 «Б», 3 «В» сынып оқушылары алғыс хаттармен марапатталды. Сайыс соңында әр сынып мадақтама қағаздарымен марапатталып, естелік фотосуретке түсті.
9 ақпанда мектебімізде өзін-өзі тану пәні мұғалімдері Жақсыбай Айдана Қайратқызы мен Жунусова Дариға Талапкеровнаның ұйымдастыруымен «Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты дәстүрлі онкүндігі аясында «Алтын жүрек анамыз», «Махаббатқа толы жүрек» атты мәнерлеп оқу сайысы өткізілді. Сайысқа 3-7 сынып оқушылары қатысты. Мәнерлеп оқу сайысына оқушылар жоғарғы деңгейде дайындалған. Әділқазы алқалары қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімдері болды. Қорытынды кезеңінде сайысқа қатысқан оқушыларға алғыс білдіріліп, жүлделі I, II, III орын алған оқушылар мақтау қағаздарымен марапатталды.
11 ақпан күні «Ай дидарлы анашым» атты мектепішілік оқушылар арасында ән байқауы өткізілді. Байқау мақсаты, дарынды, өнерлі жастарды жарыққа шығару, оқушылардың музыка өнеріне деген құрметтерін арттыру, ұлы ақын – композиторларымыздың әндерін насихаттау. Сайысқа 4-10 сыныптардың өнерлі оқушылары қатысты. Өнерпаздар өз өнерлерін жоғарғы деңгейде көрсете білді. Сахна мәдениеті, киім үлгісі, ән айту мәнері бойынша қазылар алқасы өз бағаларын қойып, жеңімпаздарды анықтады. Бас жүлде иегері 7 «Б» сынып оқушысы Арман Гүлнар, бірінші орын иегерлері 7 «Ә» сынып оқушыларынан құрылған қыздар вокал тобы, екінші орын иегерлері 6 «Б» сынып оқушыларынан құрылған вокал тобы, үшінші орын иегері 5 сынып оқушысы Сейтахмет Шұғыла және номинацияларға ие болған өнерпаздар алғыс хаттармен марапатталды.
Ақпанның 15 жұлдызында мектебімізде өзін-өзі тану пәнінің онкүндігінде «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы негізінде оқушылардың қатысуымен жәрмеңке өтті. Іс-шараның мақсаты оқушы бойында қайырымдылық, патриоттық сезімдерін қалыптастыру. Жәрмеңкеге I ауысымда 9, 10 сыныптар, II ауысымда 5, 7 сынып оқушылары қатысты. Оқушылар өз қолдарынан әр түрлі тағам түрлерін дайындап әкеліп, жәрмеңкеге қойып, түскен қаражатты мүмкіндігі шектеулі үйден оқитын оқушы Қалихан Омарға кеңсе тауарларымен көмек көрсетілді. «Жас Ұлан» өзін-өзі басқару ұйымының басшысы Қанат Ерболат, қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі Смағұлова Марғұба Шаймұратқызы және бастауыш сынып мұғалімі Жунусова Дариға Талапкерқызы іс-шараның маңыздылықтарын айтып, ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Д.М.Жұмабаев «Қайырымдылық-жақсы қасиет. Ол кішіге қамқор болу, үлкенге көмектесу, ізгілікті іс жасау. Қайырымды адамды барша елі жақсы көреді, мақтан тұтады», - деп болашақта осындай игі істердің көп болатындығына ниет етті. Осындай игі істердің әрі қарай жалғасын табатынына сенімдіміз.