2018 жылдың қыркүйек айының 17-23 аралығында «Тіл – достықтың құралы» атты тілдер апталығында өткізілген іс-шаралар туралы
2018 жылдың қыркүйек айының 17-23 аралығында «Тіл – достықтың құралы» атты тілдер апталығы барысында ұйымдастырылған қыркүйек айының 20-жұлдызында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты 5-сыныптар арасында интеллектуалды сайыс өткізілді. Сайыстың мақсаты: оқушылардың бойына тілді құрметтеуге және қорғауға талпындыру, сондай-ақ, көп тіл білу қазіргі замандағы ең өзекті мәселе екендігін ұғындыру.
Сайыста 5 «а», 5 «ә», 5 «в» сыныптары өзара бақ сынасты.
Сайыс 4 кезеңнен тұрды:
І кезең: Таныстыру (топ мүшелері топтың атауын және ұранын 3 тілде таныстырулары қажет). Бұл кезеңнің қорытындысы бойынша 5 «ә» сынып оқушылары басымдық танытты.
ІІ кезең: «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Бұл кезеңде топ басшылары алдын-ала дайындалған сұрақтарға таңдап алған әріптен басталатын жауапты 3 тілде айтулары қажет. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша 5 «в» сыныбының топ басшысы оқ бойы озып шықты.
ІІІ кезең: «Сиқырлы сандар». Бұл кезеңде әр топ өздеріне ұнаған санды таңдап, сол санның ішіндегі сұраққа жауап берулері қажет. Бұл кезеңде 5 «а» сыныбы басымдық көрсетті.
ІV кезең: «Зерек болсаң, зерделе». Бұл кезеңнің шарты бойынша оқушылар тақтада көрсетілген суретті 3 тілде айтып және сол суретке байланысты мақал-мәтел айту қажеттілігі туындады. Бұл кезеңнің қорытынды есебі бойынша 5 «ә» сыныбы зеректігін танытты.
Жалпы сайыстың қорытындысы бойынша 5 «ә» сыныбы І орынды, 5 «в» сыныбы ІІ орынды, 5 «а» сыныбы ІІІ орынды қанжығаларына байлады.