«Креатив-тартыс» зияткерлік ойыны
Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2017 жылдың 23 мамыр күні «Креативті-тартыс» командалық зияткерлік ойыны өтті. Ойынға Зияткерлік мектептен басқа Павлодар облысының базалық және пилоттық мектептері қатысты. Атап айтсақ: Семей НЗМ, «Жас дарын» мектебі, №39 ЖОМ, Лебяжі орта мектебі, Майқайың №1 ЖОМ, Майқайың №2 ЖОМ және №8 мектеп-лицейі. «Креатив-тартыс» ойынына мектебіміздің 8ә сынып оқушылары Жексембек А., Алпысбай Е., Қабыкен Д., 7-сынып оқушылары Сайфуллаева М., Дуанова А. қатысты.
«Креатив-тартыс»- командалық зияткерлік ойыны қазақстандық оқушылар арасында енді ғана өркен жайып келе жатқан ойындардың бірі. Ойын кәсіби оқытушылардың халықаралық қоғамдық Ассоциациясы мамандарымен құрылған болатын. «Креатив-тартыстарда» оқушылар назарына ашық (негізінен кіріктірілген), «өмірден алынған» тапсырмалар беріледі, сондықтан атлаған сауалдардың бірнеше жауаптары болуы мүмкін. Көп жағдайда оқушылар мәселенің керемет оңтайлы шешімдерін ортаға салып, ең бастысы жауаптарының «3 Э» (экологиялық, экономикалық, этикалық) қағидасына сай келуін ескереді.
“Креатив-тартыс” командалық-зияткерлік ойыны елімізде кеңінен орын алады деп үміттенеміз. Себебі бұл «тартыс» метапәндерді оқыту нәтижелерінің дамуына үлесін қосытын таптырмас құрал. Оқушыларымызға “өмірлік” тапсырмаларды бере отырып, біз олардың жеке бір пәнге емес, жалпы ғылымға деген қызығушылығын арттырамыз. Креатив-тартыс тапсырмаларын орындау кезінде оқушылардың өнертапқыштығы мен тапсырмаларды өмірлік жағдайларда көру дағдылары қалыптастырады.
Тартыс нәтижесінде 1 орынды Семей қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары, 2 орынды №8 мектеп-лицейі, 3 орынға Павлодар қаласының НЗМ иеленді. Қалған қатысушы мектептер түрлі номинациялармен марапатталды. Сол мектептер арасында №1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің қатысушылары «Ең прогматикалық шешім» номинациясына ие болды.