Жаңалықтар
«БІЛІМ, ӨЗГЕРІС, НӘТИЖЕ»
Мектебімізде 2019 жылдың мамыр айының 23 күні «БІЛІМ, ӨЗГЕРІС, НӘТИЖЕ» тақырыбында пилоттық жобадағы 4-сынып оқушыларының бастауышпен қоштасуға арналған мерекелік іс-шара өткізілді. Бұл күн ұстаздар, ата-аналар, оқушылар үшін ерекше күн болды. Оның ерекшелігі сол – 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған кіп-кішкентай балғындар еді. Енді білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде бастауыш сынып бағдарламасын апробациядан өткізіп, білім алып, бастауыш білім сатысынан орта буынға ұшқалы отыр. Мерекеге 4-сынып оқушыларын қуанышты да қайталанбас күндерімен шын жүректен құттықтап білім беруді және тәрбиелеуді дамытудың инновациялық орталығының әдіскерлері К.Т.Алимова, Н.Н. Жолдыбаева Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» директорының орынбасары А.Ж.Көпеев, Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері А.Р.Ибраева, К.С. Альмагамбетов келді. 4-сынып бітіруші оқушылар қызықты да, ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата-аналарына өз өнерлерін көрсетіп, шексіз алғыстарын білдірді. Ұстаздар 4-сынып оқушыларына ақ жол тілей отырып, орта буынға шығарып салды. Бастауыш сыныппен қоштасу – ол балғын балалық қимас шақтарымен қоштасу.
Тамақтандыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша
Тамақтандыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша
2014 жылдан бастап депутаттардың бастамалары мен мектеп директорларының ұсыныстары бойынша тамақтану сапасына әсер ететін, сондай-ақ мектеп директорларының қызметтерді жеткізіп берушілерге тікелей бақылау жүргізу мүмкіндігінің болмауынан орын алған бағалар демпингіне байланысты қызметтерді, тауарларды жеткізіп берушілерді таңдау, мемлекеттік сатып алу жүйесінен алынып тасталды.
Бүгінгі таңда орта білім беру ұйымдарында білім алушылардың тамақтануын ұйымдастыру және мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу тәртібі пысықталған (ҚР БҒМ 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрық).
Балалардың тамақтану сапасына кепілдік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қағидаларда білікті қызметкерлер штаты бар (жұмыс тәжірибесі, аспазшылардың біліктілігі, технолог, диетолог, оң сипаттамалардың, азық-түлік өнімдерін өздігінен өндірісінің бар болуы, энергия үнемдеу жабдықтарының бар болуы) аталған қызметті көрсетуге аса дайын жеткізіп берушіні таңдауға мүмкіндік беретін критерийлер қарастырылған.
2018 жылдан бастап азық-түлік өнімдерін сақтау шарттарына, жасалатын тағамдардың қауіпсіздігі мен сапасына әсер ететін мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі енгізілген.
Сондай-ақ, қағидаларға сәйкес конкурстық комиссия құрамына үкіметтік емес ұйым және ата-аналар жұртшылығының, қорғаншылық кеңестердің, сондай-ақ қоғамдық денсаулықты сақтаудың аумақтық орган өкілдері енген. .
Әжелер сөзі-тәрбие көзі
№ 1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінде Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы қарсаңында «Әжелер сөзі-тәрбие көзі» атты әжелер сайысы өткізілді. Сайысқа Айнагүл әже немересі Гауһармен, Баян әже немересі Елдармен, Зәуреш әже немересі Азизбен, Жаңыл әже немересі Кәусармен және Адиша немересі Аизиямен қатысты. Сайыстың І кезеңінде «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» тақырыбында әжелер өздерін таныстырды. «Өнерлі өрге жүзер» атты ІІ кезеңде әжелер мен немерелері өз өнерлерін ортаға салды. Бұл кезеңде ән шырқалып, түрлі қолөнер бұйымдары көрсетілді. ІІІ кезең «Сыр сандық» бөлімінде әжелеріміз ұлттық салт-дәстүр, бала тәрбиесі жайындағы сұрақтарға жауап берді. IV кезең «Әжелердің таңсық тағамы-ай...» деп аталды. Бұл бөлімде әжелер қазақ халқының ұлттық тағам түрлерін жарнамалады. Атап айтсақ, бауырсақ, сорпа түрлерін, қоспа, құрт, ірімшік және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қарыннан жасалған ұлттық тағам «Бұжы» жасап әкелді. Сайыс қорытындысы бойынша, Жаңыл әже немересі Кәусармен Бас жүлдеге, Зәуреш әже немересі Азизбен І орынға, Адиша әже немересі Аизиямен ІІ орынға, Баян әже немересі Елдармен ІІІ орынға, Айнагүл әже немересі Гауһармен «Мейірімді әже» номинациясына ие болды. Әжелер сыйлықтармен, алғыс хатпен және медальмен марапатталды.
Қазақ қызы: кеше, бүгін, ертең....
№ 1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінде 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай 8,9,10-сынып қыздарының арасында «Қазақ қызы: кеше, бүгін, ертең...» атты пікірталас өткізілді. Қыздарымыздың ақылды, үлгілі, мейірімді, инабатты болуы алдымен ата – анасынан, екіншіден, білім ордасынан басталады. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп, ұлы Абай айтқандай, қыз балалар осындай қасиеттерді меңгеруге талпынуы керек. Осы мақсатта іс шараға ардагер ұстаз, ардақты әже, аяулы ана Бақытжан Темірғалиқызы шақырылды. 8,9,10- сынып қыздары кешегі Қыз Жібек, Ақжүніс, Қамар сұлуды тілге тиек етіп, бүгінгінің спортшы, әнші, айтыскер қыздарымен мақтанып, ертеңгі қазақ қызы туралы өз ойларын ортаға салды. Шара барысында Бақытжан Темірғалиқызы «бүгінгі, кешегі және болашақтағы қазақ қызы қандай болуы керек?» деген сауал төңірегінде қыздармен әңгіме өрбітті. Сонымен қоса, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ару қыздарға ақыл-кеңес айтты. Пікірталас соңында қыздарды мерекемен құттықтап, ұлы ғұлама Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Қыз баланың мына өмірдегі міндет - парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол - адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата - ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын қаламасын, бұл - өмір заңы»,-деген даналық сөздерін тілге тиек етті.
1 НАУРЫЗ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ
№ 1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінде 1 наурыз Алғыс айту күніне орай бірқатар іс-шаралар жоспарланып, өткізілді. 1-11- сыныптар аралығында «Алғыс жәшігі» ұйымдастырылды. Алғыс жәшігіне 1-11- сынып оқушылары кімге алғсы айтатынын жазып, салды. Сонымен қатар, «Кімге алғыс айтар едіңіз?» тақырыбында сұхбат жүргізілді. Сұхбатқа мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты. Мектеп кітапханасында «Туған жеріме мың алғыс!» атты көрме ұйымдастырылды. Мектеп бойынша алғыс айту қабырғалары безендірілді. Дене шынықтыру мұғалімдерінің ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне орай спорттық жарыстар өткізілді.
1-наурыз Алғыс айту күні мектеп дәлізінде шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бағдарламада әр ұлт өкілдері алғыс айтса , 5- сынып оқушылар би биледі , 4 «в» сынып оқушысы күй тартып, 8- сынып оқушылары әсем әннен шашу шашты.
Іс шара соңында барлық мектеп ұжым «Алғыс айту ағашына» ағашына өз лебіздерін жазып, бір-біріне рахмет айтты. Сонымен қоса, оқушы мен мұғалім арасында «Алғыс айту челленджі» ұйымдастырылды.
«Театрдың ғажайып әлемі - 2019» атты облыстық фестиваль
2019 жылдың 27 ақпанында Павлодар облысының М.М. Катаев атындағы оқушылар сарайында ұйымдастырылған Ж.Аймауытовтың 130 жылдық мерейтойына арналған "Театрдың ғажайып әлемі" атты республикалық фестивалдің облыстық кезеңі өтті. Фестиваль талабына сай №1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінен М.Мағауинның "Бір атаның балалары" әңгімесінен үзінді қойылымы қойылса, әдеби музыкалық композиция секциясы бойынша К.Аxметованың "Жас баланың жанарына қараңдар" өлеңі саxналанды. Фестиваль қорытындысы бойынша бүгінгі күннің жан түршігерлік ең басты мәселелерінің біріне айналған тастанды балалардың, айықпас дертке шалдыққан жасөспірім балалардың тағдырын қозғайтын К.Аxметованың "Жас баланың жанарына қараңдар" өлеңіне арналған әдеби музыкалық композиция 25-ке жақын қойылымның ішінен әділ қазы алқасы мүшелерінің шешімі бойынша ІІІ орынды қанжығаға байлады. Сондай-ақ, М.Мағауинның "Бір атаның балалары" әңгімесінен үзінді қойылымы саxналанып, ерекше көзге түсті. Оқушыларды дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Ботаева Аянгүл Бозтаевна, Жұмабаев Дарxан Маратұлы, Даулетбекқызы Жұлдыз Павлодар облысының білім беру басқармасы атынан алғыс xатпен марапатталды.