Жаңалықтар
«Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды
30.11.2018 жылы № 1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінде «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. «Рухани жаңғыру» кабинеті еліміздің даму тарихын, тарихи және мәдени естеліктерін сақтау мен оқушылардың ұлттық мақтаныштарын қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру мақсатында құрылып отыр. Кабинеттің тұсаукесер рәсімін Баянауыл аудандық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Асылхан Манарбекұлы мен Баянауыл ауданының құрметті азаматы, ел ағасы , мектебіміздің алғашқы түлектерінің бірі Әбенов Мұхтар Зәпішұлы жасады. Тұсаукесер рәсіміне ардагер ұстаздар, қамқоршылық кеңесінің мүшелері, ата-аналар және мектеп оқушылары қатысты. Мектеп қабырғасынан ашылған кабинетте Ертіс-Баян өңірінің киелі жерлерінің картасы, қазақ әліпбиінің шығу тарихы, есімдері тарихқа танымал тұлғалар мен бүгінгі заманның «100 жаңа есімдері» атап көрсетілген. Алдағы уақытта бұл кабинет жас буынның біліміне де, тәрбиесіне де, сонымен қоса рухани жаңғыруына да септігін тигізері сөзсіз. Мұнда ұлттық құндылығымызды насихаттайтын дөңгелек үстелдер мен танымдық сағаттар өтетін болады.
«Жақсылық жаса» пластикалық қалпақшаларды жинау акциясы
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің». Елімізде адамдардың бір-біріне мейірімділік танытып, тек ізгі істерге шақыратын акция басталды. Республикамызда экологиялық мәдениет деңгейін көтеру, өсіп келе жатқан ұрпақтың ортасында өзінің әлеуметтік маңыздылығын, қайырымдылық сезімін қалыптастыру мақсатында «Жақсылық жаса» атты пластикалық қалпақшаларды жинау жобасы өткізілуде. Бұл жобаға № 1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебі де белсенді түрде қатысуда. Қайырымдылық жобасына қатысқан оқушылар шағын қақпақшаларды бес литрлік пластикалық бөтелкеге орналастырып, мектеп әкімшілігіне тапсыруда. Қақпақшамен толтырылған бөтекелерді қабылдау пунктіне тапсырып, түскен қаражатты науқас, көмекке мұқтаж адамдарға бағыттау көзделген. «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без», — дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген жәрдемін ұсынып , достық пейілдерін таныту- барша адамзаттың қасиетті борышы.
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық сайыс
ХХІ ғасыр білім мен ғылым ғасыры, бұл ғасыр -қоғам мен оның әрбір мүшесінің жаңа жетістіктер мен қажеттіліктердің игілікке айналар маңызды кезеңі. Жаһандану мен қазақ елінің әлем кеңістігіне еркін және ерекше қарқынмен шығуы да білім мен ғылымның дамуымен тікелей байланысты. Интеллектуалды ұлт болудың негізгі үш аспектісі - білімнің, ғылымның, инновацияның тиiмділігін іске асыру мақсатында қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмабаев Д.М. № 1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінде 9-11- сынып оқушыларының арасында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атты интеллектуалдық сайыс өткізді. Төрт кезеңнен тұратын сайыста қазақ тілі, география, математика, қазақ әдебиеті, тарих пәндері бойынша сұрақтар қамтылды. 12 оқушы бақ сынасқан білім додасында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» деген атаққа 10 «ә» сынып оқушысы Жексембек Аңсар ие болды. Орын иегерлері мақтау қағазымен, ал барлық қатысушылар сыйлықтармен марапатталды. Жарқын болашақтың кемел жастары бәсекеге қабілетті ұлттық тұлға болып қалыптасу үшін, білім мен ғылымның көш бастауында тұратынын ұғына білді.
Керім қыздар
№ 1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінде тәрбие ісі меңгерушісі, мектеп медбикесі , мектеп психологы бірлесе отырып, 5-7- сынып қыздарының арасында «Керім қыздар» атты ақпараттық-танымдық сағатын өткізді. Ақпараттық-танымдық сағат барысында қыздарға жеке бас гигиеналық, психологиялық кеңестер беріліп, қыз бала тәрбиесінің ерекшелігі туралы айтылды.
Қыз қылығымен
Қазақ қауымында қыз баланың орны ерекше болған. Ата – бабаларымыз қызды қонақ деп есептеген, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Осы мақсатта № 1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінде тәрбие ісі меңгерушісі, мектеп медбикесі және психологтың қатысумен 9-11 сынып қыздарының арасында «Қыз қылығымен » атты ақпараттық-танымдық сағат өткізілді. Іс-шара барысында қыздарға әр түрлі кеңестер айтылып, өмірлік жағдаяттар талқыланды.
Баскетбол жарысы
№ 1 Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің дене шынықтыру пән бірлестігі ұжымы салауатты өмір салтын насихаттау барысында 8-10 сыныптар арасында мектепішілік баскетбол жарысын өткізді. Баскетбол жарысы ұлдар және қыздар арасында өткізілді. Баскетбол жарысына оқушылар үлкен қызығушылықпен қатысты. Жарыс өте тартымды, қызықты өтті.